Контентке өту
Бастапқы бет
Сауатты Экономика
Жеке және ұлттық өркендеу туралы барлық адам білуі тиіс жәйттер

1.1 элемент

Ынталандырулардың маңызы зор

Пайда мен шығынның өзгеруі таңдауларға алдын ала болжай алатындай әсер етеді.

Бүкіл экономика бір ғана қағидаға сүйенеді: ынталандырудың өзгеруі адамның мінез құлқының өзгеруін алдын ала болжай алады. Ақшалай және ақшалай емес факторлардың екеуі де ынталандыруға әсер етеді. Егер бір зат қымбаттаса, адамдардың оны таңдау ықтималдығы азаяды. Сол сияқты бір нәрседен пайда көру мүмкіндігі артса, адамдардың оны таңдау ықтималдығы да артады. Кейде экономиканың негізгі постулаты делініп жүрген осы қарапайым идея – өте күшті құрал, себебі ол біз істеп жүрген істің бәріне тиесілі.

Бір заттың шығыны артқан сайын жұрттың оны таңдау ықтималдығы азаяды. Осы тұжырым туралы ойланып көріңіз. Кездесуге кешігіп бара жатқан адамның, жолай досына кіре кету ықтималдығы аздау. Суық, жаңбырлы күні көкке шығатындар саны аздау. Қымбат баға сатылатын өнім санын кемітеді. Жазғы демалысқа бір күн қалғанда колледж дәрістеріне қатысушылар саны қалыпты күндегіден аз болады. Мұның бәрін түсіндірудің бір ғана жолы бар: шығын артқан сайын белгілі бір затты азырақ таңдайды.

Сол сияқты таңдаудан пайда көбірек түсетін болса, адамдардың оны таңдау ықтималдығы артады. Көше бойлап келе жатқан адамның бір центтен гөрі бір евро немесе бір долларды алу үшін еңкею ықтималдығы жоғары. Белгілі бір тақырыптың емтиханда келетінін білсе, студенттер осы сабаққа көбірек көңіл бөліп, қатысып отырады. Тұтынушы төмен баға ұсынып, жоғары сапалы қызмет көрсететін және ыңғайлы жерде орналасқан дүкеннен тауарды көбірек сатып алады. Талпынысына қарай сыйақы төленсе, қызметкерлер барын салып, тиімдірек жұмыс істейді. Бұлардың бәрін алдын ала болжау оңай, сондықтан осы мысалдар экономиканың «ынталандырудың маңызы зор» постулатын көрсетіп тұр деуге болады.

Дуайт Лидің «Ынталандырулардың күші» бөлімі
Қосымша мәтін • Жүктеп алу үшін басыңыз (64KB)

Бұл негізгі постулат нарықтағы бағаның өзгеруі сатып алушылар мен cатушылардың әрекетін үйлестіру үшін ынталандыру қалай өзгертетінін түсіндіреді. Егер өндіруші сатқысы келген (немесе сата алатын) тауарды сатып алушы көбірек сатып алғысы келсе, әлгі тауар бағасы көп ұзамай өседі. Баға өсіп жатқанда барлық сатушылар әлгі тауарды ұсынуға барын салады, ал бағасы қымбаттаған сайын сатып алушылар саны азая береді. Бұл үдеріс жоғары баға сұраныс пен ұсыныс санын теңестіргенше жалғасады. Белгілі бір межеге жеткенде, баға тұрақтанады.

Ал егер бәрі керісінше болса: сатушылар тұтынушылар сатып алуға әзір мөлшерден көбірек тауар ұсынса ше? Егер сатушылар бүкіл тауарын көрсеткен бағаға сата алмаса, бағаны түсіруге мәжбүр. Өз кезегінде төмен баға жұртты көбірек сатып алуға ынталандырады, бірақ сондай-ақ өндірушілердің сол тауарды көп мөлшерде ұсынуға деген ниетін жояды, себебі оларға өнімді жаңа, төмен бағаға ұсыну тиімді емес. Тағы бір қайталап айтсақ, бағаның өзгеруі тұтынушылар сұранысының мөлшерін өндіруші ұсынатын тауар мөлшерімен теңестіреді. Белгілі бір межеге жеткенде бағаны өзгертуге қандай да бір қысым болмайды.

Мысалы, 2014 жылы АҚШ-тың Джоржия штатында ауа-райы нашар болып, шабдалы бағасы шарықтап кетті, баға алдыңғы жылмен салыстырғанда 180 пайызға көтерілді. Баға шарықтап кетсе де, тұтынушылар шағымданған жоқ. Неге? Жоғары баға шабдалы сатып алу шығынын өсіріп жібергенде, тұтынушылардың көбі шабдалыны толықтай немесе жартылай өзге жеміспен алмастырды да, қысқы тосапты алмұрт пен айвадан жасады.

Содан кейін сатып алушылар жоғары бағаға іс-әрекетін көрсеткеннен кейін, сатушылар да әрекетке кірісті. Шабдалы ұсынатын фермерлер шабдалы ағаштарын отырғызды. Басқа фермерлер алма және алмұрт бақтарын шауып тастап, оның орнына шабдалы көшеттерін отырғызды. Ақыр соңында екі жылдан кейін (жас ағаштар жеміс бере бастағанда) ұсыныс артып, шабдалы бағасы түсті.

Ынталандыру саяси таңдауға да әсер етеді. Адамның дауыс беру кабинсы мен сауда орталығында таңдау жасағандағы мінез-құлқы өзгеше болады деп айтуға негіз жоқ, көбіне сайлаушылар шығынды алып тастағанда жеке басына ең көп пайда келтіреді деп күтетін саяси үміткерді қолдайды. Олар түсетін пайдамен салыстырғанда жеке шығындары асып кететін жағдайда саяси таңдауларға қарсы шығады. Мысалы, жасы үлкен азаматтар әдетте зейнетақы мөлшерін кемітетін үміткерлер мен заң жобаларына дауыс бермейді. 2018 жылғы Ресейдегі губернаторлар сайлауында «Единая Россия» партиясы мүшелерінің аз өтуіне зейнетақыны азайту туралы ұсынысқа наразылық түрткі болды деп көп айтылды. Сол сияқты студенттер университет студенттеріне берілетін білім гранттарын қос қолдап қолдайтынын сауалнамалар көрсетті.

Ынталандыру маңызын айналып өту мүмкін емес. Олар адам табиғатының бір бөлігі. Ынталандырулар кезінде де, кезінде де маңызды. Кеңес одағында бір жылдары әйнек зауыттары басшылары мен жұмысшыларына сыйақының төленуі олардың өндіретін әйнектерінің тонналаған салмағына байланысты болды. Табысы әйнектің салмағына байланысты болғандықтан, зауыттардың көбі арғы жағынан ештеңе көрінбейтін қалың әйнектер шығарды. Осыдан кейін тәртіп өзгертіліп, басшылардың жалақысы өндірілген әйнектің шаршы метрі санына қарай төленді. Осы кезден бастап кеңес зауыттары тез сынып қалатын жұп-жұқа әйнектерді шығара бастады. Сол сияқты поляк фабрикаларына аз мөлшерде тері беріліп, өндірілетін аяқ киім санына квота белгіленгенде, нарықта балалар аяқ киімінің қаптап кеткеніне таң қалуға бола ма?

Кейбіреулер адамдар ашкөз және өзімшіл болғанда ғана ынталандыру маңызға ие деп ойлайды. Бұл – жалған. Адамдар өзімшілдік және жанашырлық сияқты түрлі себептерге сай әрекет етеді. Өзімшілдік және альтруистік таңдаулардың екеуіне де жеке шығын мен пайданың өзгеруі әсер етеді. Мысалы, өзімшіл мен жанашыр адамның екеуі де Деттифосс сарқырамасына жақындап қалған асау ағысты өзеннен гөрі таяз бассейндегі баланы құтқаруға тырысуы ықтимал.Екеуінің де мұқтаж жанға сүйікті киімінен гөрі ескі киімін беру ықтималдығы жоғары.

Мәселен, жеке басының пайдасы үшін ынталандыруға жауап берген марқұм албаниялық филантроп Тереза ананы ешкім сараң деп айыптамас еді. Тереза ананың «Қайырымдылық миссионерлері» ұйымы Нью-Йоркте үйсіздерге баспана ашпақшы болғанда қала муниципалитеті ғимаратты түбегейлі жөндеуді талап етті. Ұйым бұл жобадан бас тартты. Бұл шешім Тереза ананың кедейлерге қамқор болуды қойды дегенді білдірмеді. Бұл ынталандырулардың өзгергенін көрсетті. Нью-Йорктегі кедейлерге көмектесу құны өсіп кеткенде Тереза ана бұл ресурс өзге өңірде көбірек жақсылық жасайды деп шешті. Ынталандырулардың өзгеруі барлық адамның нақты шешімге әкелетін таңдауына оның бір жағынан ашкөз, материалистік мақсат, ал екінші жағынан жанашыр, альтруистік мақсаттарының қосындысы болғанына қарамастан әсер етеді.

Көбірек қажет пе? Қазір тұтас кітапты тегін жүктеп алыңыз!