Контентке өту
Бастапқы бет
Бастапқы бетБіздің оқиғаЖобаларКітапты жүктеңізКітапханаСеріктестер

Неліктен өзіңе өзің бастық болу деген ұғым жоқ?

Патрик Кэрролл
2/28/23

Тіпті кәсіпкерлер де өздерінен жоғары біреуге бағынады.

Кәсіпкерлік капитализмнің ең жақсы қасиеттерінің бірі десек те болады. Егер сіз нақты қандай іспен айналысып жатқаныңызды білсеңіз, сіз біршама қаражат таба алатыныңыз сөссіз. Ал ең бастысы сіз жұмыс берушіге тәуелді емессіз, сізде толыққанды еркіндік. Сіз бизнесті жүргізудің жаңа жолдарын сынап көре аласыз, тіпті өз өніміңізді өндіріп, оны іске асырсаңыз да болады. Немесе жай ғана қоғамға жақсы жұмыс ұсынып, сенімді қызмет көрсете аласыз.

Сонымен қатар, кәсіпкерліктің пайдасына шешілетін негізгі аргумент ретінде қарастырылатын ойға көз жүгіртейік. "Өзіңізге өзіңіз бастық бола аласыз" деген идея, сіздің назарыңызды аудартады ма?

Тұжырымдама өте қарапайым. Менеджерге есеп берудің орнына, сіз кәсіпкер ретінде басқарушы адамсыз. Сіз ешкімге бағынбайсыз, ұшқыр ойлайсыз. Сіз бизнесіңіздің барлық аспектілерін толығымен басқара аласыз. Сізде бастық жоқ. Сіз бастықсыз.

Бұл тәсілдің күрделілігін қарапайым мысалмен көрсетуге болады. Сіз өз компанияңыздың балшықтан жасалған бәліштер жасағанын қалайсыз делік. Мүмкін сіз бала кезден бастап балшық бәліштерін пісіруді ұнатқан боларсыз және әрқашан да осы хоббиіңізді бизнеске айналдыруды армандаған шығарсыз. Сіздің бұрынғы жұмысыңыздағы бастық сізге балшық бәліштерін пісіруге рұқсат бермейді (ол бұл мүмкіндікті анық көрмеген). Бірақ қазір сіз өзіңізге қожайынсыз, Сіз бизнесіңізді өзіңіз қалағандай жүргізуге толық еркіндікке иесіз.

Белгілі болғандай, бұл мүлде оңай нәрсе емес екен. Әрине, балшық бәліштерін сатуға болады, бірақ тұтынушылар оларды сатып алғысы келмесе, не істейсіз? Сізге жалдау ақысы, керек-жарақтар және жалақы сияқты шығындарды төлеу қажет болуы мүмкін. Табыс болмаған жағдайда, бұл шығындар көбейе түседі және көп ұзамай сіз өндірістің жаңа бағытына ауысуға немесе бизнесті тоқтатуға мәжбүр боласыз.

Міне, сіз өзіңізге өзіңіз бастық екенсіз.

Шын мәнінде кім бастық?

Балшықтан жасалған бәліш оқиғасы маңызды сұрақты көтереді: бұл жерде билікті кім жүргізеді? Бір қарағанда, кәсіпкерлерде барлық билік бар, олар нағыз бастық сияқты. Бірақ шын мәнінде, біз көріп отырғанымыздай, олар өз тұтынушыларына толығымен бағынады. Кез-келген мықты кәсіпкер сізге айтар еді: бұл жұмыс тұтынушыларға қызмет ету, басқа ештеңе де емес. Тұтынушылар – нағыз бастықтар!

Экономист Людвиг фон Мизес бұл идеяны өзінің "Адамның іс-әрекеті" трактатында баяндайды.

"Нарықтық қоғамдағы барлық экономикалық істерді басқару кәсіпкерлердің міндеті болып табылады. Олар өндірісті бақылауға ие. Олар штурвалда тұрып кемені басқарады. Үстірт бақылаушы олардың басшы екеніне сенеді. Бірақ бұл олай емес. Олар капитанның бұйрығын сөзсіз орындауы керек. Капитан – тұтынушы. Не өндіру керектігін кәсіпкерлер де, фермерлер де, тіпті капиталистер де анықтамайды. Мұны тұтынушылар жасайды. Егер кәсіпкер нарықтық баға құрылымымен оған берілген тәртіпте жұртшылықтың бұйрықтарына бағынбаса, ол шығынға батып, банкротқа ұшырайды және осылайша өзінің көрнекті позициясынан бас тартады. Оның орнына тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жақсы жұмыс жасаған басқа адамдар келеді".

Кәсіпкерлер үлкен билікке ие болуы мүмкін, бірақ олардың күші тұтынушыларды қанағаттандыру қабілетіне толығымен байланысты. Кәсіпкер өзінің шынайы басшысы яғни, тұтынушының тілегін қанағаттандыра алмаса, олар дереу жұмыстан босатылып, басқа біреумен ауыстырылады. Бұл бизнестен кету дегенді білдіреді.

Осылайша, кәсіпкерлер көбінесе іскерлік «империяның» «патшалары» ретінде саналғанымен, шындық мүлдем басқаша. «Өндірістің материалдық факторларының иелері мен кәсіпкерлер іс жүзінде тұтынушылардың мандатарлары немесе сенімді адамдары болып табылады», - деп жазады Мизес, - «олар күнделікті қайталанатын сайлау нәтижесінде кері шақырылуы мүмкін».

Кәсіпкерлердің тиімді қызметшілері және тұтынушылардың түпкілікті әрекет ететіні туралы бұл идея тұтынушылардың егемендігі ретінде белгілі. Ашығын айтқанда, сіз кәсіпкер болсаңыз да, басқа біреуге жұмыс істейсіз. Әрине, шығармашылық еркіндікке көптеген мүмкіндіктер бар. Тұтынушылар менеджерлер сияқты бақылаудан алыс. Алайда, кәсіпкер ретінде де сіздің еркіндігіңіздің шегі бар.

Сыбызғыға төлеген күй таңдайды дегендей...

Кәсіпкерлік сіз туралы емес

Қазіргі және болашақ кәсіпкерлер үшін маңызды қорытынды бар және өкінішке орай сол ой тасада қалып жатады. Қорытынды: Жетістікке жетуді қалайтын кәсіпкерлер өздері айналысқысы келетін бизнесті жүргізуге емес, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға назар аударуы керек.

Көпшілік үшін бұл ұзақ уақытқа созылған парадигманың өзгеруі. Көптеген адамдар бизнесті өздерінің сүйікті ісіне деген құмарлықпен бастайды. Содан соң, шыққан өнімді немесе қызметті сату жолдарын табуға тырысады. Бірақ бұл мүлдем басқаша. Кәсіпкерлердің негізгі міндеті - егер қандай да бір жолмен табысты болғысы келсе – ең алдымен өз ортасының қанағаттандырылмаған қажеттіліктерін іздеуден бастау, сосын оларды қанағаттандыру жолдарын табу.

Жоғарыда айтылған «құмарлықты монетизациялау» идеясы қызықты, бірақ бұл шын мәнінде кәсіпкерлікке жатпайды. Кәсіпкерлік – тағы бір бағыт. Мұның бәрі сіз сатқыңыз келетін нәрседен емес, тұтынушылардың не сатып алғысы келетінінен басталады. Тағы да бұл өзіңізге бастық болу туралы емес. Мәселе тұтынушының сізді бастыққа айналдыруы және сіздің олар үшін жасаған құндылықтарыңыз үшін пропорционалды сыйақы алу болып табылады.

"Нарықтық экономикада халықтың сұраныстағы тауарларын ең жақсы және арзан түрде қамтамасыз етуден басқа байлыққа жетудің жолы жоқ" – деп жазады Мизес. Сіз өзіңіздің құмарлықтарыңыз бен дағдыларыңыз тұтынушылар сұранысымен қиылысатын ортаны таба аласыз, әрине бұл өте тамаша. Мүмкіндігінше соған сүйеніңіз. Бірақ сіздің міндетіңіз бірінші кезекте осы талапты орындау екенін ешқашан ұмытпаңыз. Тұтынушылардың қалауын елемейтін дәрежеге дейін түсу, өзінің жаны сүйетін жобасына тым көп кіріскен кәсіпкер көп ұзамай бизнестен шығады.

Сондықтан иә, кәсіпкерлікті, шығармашылықты және өзін-өзі басқаруды атап өтейік. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің бастықтары, тапсырыс берушілері бар екенін және кәсіпкерліктің шын мәнінде нені білдіретінін есте ұстайық - бұл басқа адамдардың не қалайтынын түсіну және оларға оны берудің жолдарын табу.

Бұл мақала Creative Commons Attribution 4.0 халықаралық лицензиясы бойынша Патрик Кэрролл мен Экономикалық білім беру қорының рұқсатымен жазылған. Түпнұсқасын мына жерден табуға болады.