Контентке өту
Бастапқы бет
Бастапқы бетБіздің оқиғаЖобаларКітапты жүктеңізКітапханаСеріктестер

“Тұтыну” терминінің экономикалық мағынасы

Дональд Дж.Будро
3/3/24

Табиғи тіл – қарым-қатынастың тамаша құралы. Бір қызығы, біз адамдар тілді қолдану арқылы бір мидан басқа миға идеяларды тасымалдау үшін ауаны, қағазды және пикселдерді басқара алады екенбіз. Тіл - әрқайсымызға бейнелі түрде, басқа адамдарды  небір тәсілдермен ми жадымызға сақтауға мүмкіндік береді. Мен сізге: “Мен картоп чипстерін жақсы көремін”, - деген сөйлемді айтар болсам, менің қуырылған, тұздалған әрі өте жұқа картоп кесектерін жегенді ұнататынымды бірден түсінесіз. Алайда, сіз бұл сөйлемді оқығанда, аталған тіскебасар маған эмоционалды тәуелділік береді деп мүлде ойламайсыз. Дәл осы сезім өз ұлымды жақсы көретіндей эмоционалды байланысыма ұқсас дер едім...

Бірақ адам баласы сияқты, тіл де толыққанды даму шегіне жетпеген. Тіпті ең шебер сөз майталманы да, басқа адамдарды бейне тұрғысынан толығымен миына сала алмас еді. “Мен картоп чипстерін жақсы көремін” гипотезасы бұл кемшіліктің себептерінің бірін көрсетеді: көбінесе бұл сөздің екі немесе одан да көп мағынасы бар, бірақ бірдей айтылады және естіледі. Менің картоп чипстеріне деген “сүйіспеншілігім” мен ұлыма деген “сүйіспеншілігімнің” ортақ тұсы бар десем сенесіз бе? Шынымды айтсам, мен өмірімде картоп чипсінің және ұлымның бар екеніне өте қуаныштымын; картоп чипстері де, ұлым да маған үлкен бақыт сыйлайды. Дегенмен, “Мен картоп чипстерін жақсы көремін”, - деген сөзімді естіген адам, ол сезімді ұлыма деген сезіміме тең деп ойламас еді.

Өкінішке орай, бір-бірінен мағыналары тым бөлек, бірақ бірдей сөздерді қолдану шынайы түсінбеушілік тудырады. Мұндай түсініспеушіліктер көбінесе экономистер қалың жұртшылықпен байланысқан кезде туындайды.

Адам Смиттің “Халықтар байлығы” кітабындағы әйгілі мәлімдемесінде: “Тұтыну - бұл бүкіл өндірістің жалғыз мақсаты мен міндеті, алөндірушінің мүдделері тұтынушының мүдделерін ілгерілету үшін қажет болған жағдайда ғана ескерілуі керек”. Бұл максимумның өзін-өзі анықтағаны соншалық, оны дәлелдеуге тырысу ақылға қонымсыз болар еді.

Экономист үшін Смиттің: “Тұтыну - бүкіл өндірістің жалғыз мақсаты мен міндеті” туралы тұжырымдасы расымен де айқын. Бұл тұжырымданың ақиқатын жоққа шығару - нонсенс. Дегенмен, экономист емес адамдардың барлығы дерлік мұны жоққа шығарады. Экономист еместер мен экономистер арасындағы бұл қайшылықтың себебі “тұтыну” сөзі экономист еместердің санасында экономистер үшін мағынасынан біршама ерекшеленетін мағынаны тудырады.

Экономист үшін “тұтыну” экономикалық қызметтің түпкі мақсаты ретінде анықталады. Сіздің тұтынушылық қалауыңыз - бұл сіздің өміріңіздің қанағаттануына тікелей ықпал ететін кез келген нәрсе. “Тұтыну тауарлары” өз кезегінде сіздің тұтынушылық тілектеріңізді тікелей қанағаттандыруға мүмкіндік беретін тауарлар (және қызметтер) болып табылады.

Өмірге қанағаттануды арттырудың айқын факторларының бірі - үнемі демалуға және ұйықтауға ыңғайлы орынның болуы. Сондықтан сіз үй сатып аласыз немесе жалға аласыз, оны жүйелі түрде пайдалану үшін тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықтайсыз. Сіздің үйіңіз, тұрмыстық техникаңыз және жиһазыңыз тұтыну тауарларының қатарына жатады. Мысалы, сіздің төсегіңіз іс жүзінде әр кеш сайын келесі күні тиімділігі жоғары жұмысшы болуға дайындалуға көмектессе де, сіз төсегіңізді құрал ретінде қарастырмайсыз. Сіз төсегіңізді жұмыс орнындағы өнімділікті жақсарту үшін кіріс ретінде сатып алған жоқсыз. Ал, сіздің “жұмыстағы тамаша көрсеткішіңіз, басқа да тұтыну тауарларымен қатар ыңғайлы төсек алуға мүмкіндік береді”,- деп айту шындыққа әлдеқайда жақын.

Екі адамның талғамы мен қалауы бірдей емес. Сіз корольдік өлшемді өте кең кереуетті қаласаңыз, мен екі орынды стандартты керуетті таңдар едім. Әлбетте, кез-келген адамның тұтынушылық қалауы болады. Сәйкесінше, адам қалауы оны экономикалық қызметпен айналысуға - яғни жұмыс істеуге және айырбасқа итермелейді. Еңбек және айырбас – жұмыспен немесе айырбастау нәтижесінде келген нәрсеге қарамастан, қанағаттануды тікелей қамтамасыз ете алады. Десе де, жұмыс істеу және айырбас - тұтыну тауарлары мен қызметтеріне қол жеткізудің басым құралы болып табылады.

Мен өз жұмысын жақсы көретін көптеген адамдарды білемін, соның ішінде өзім де бармын. Бірақ өз жұмысына соншалықты құштарлықпен кірісіп, ақысыз жұмыс істеуге дайын адамды кездестірмедім. Көрдіңіз бе, тіпті сіздің сүйікті жұмысыңыз - мақсат емес, құрал болып табылады.

Менің атам мен әкем де, ұлым сияқты хобби ретінде ағаш өңдеумен айналысатын. Алайда, мен олардың ағаш ұсталық күш-жігерінің соңғы физикалық нәтижелеріне бей-жай қарайтынын білмеппін. Олар ас үйде қолданатын тақтайшаларды, кітап шкафтарын, үйге арналған қажетті заттарды жасайтын. Әрине, жұмыстары аяқталғаннан соң, дайын өнім арқылы басқа адамдардың қалауы қамтамасыз етілетін.

Ұсталардың ешқайсысы араны, балғаны, бұрғыны немесе желімді тек аралау үшін немесе тегістеу үшін, я болмаса бұрғылап немесе желімдеу үшін қолданбағаны анық. Ағаштан жасалған бұйымдардың нәтижесі, олар күткеннен де нашар болып шыққан сирек сәттерде, мысалы, кітап шкафы біркелкі емес немесе асханадағы кесу тақтасы эстетикалық тұрғыдан тартымсыз болып көрінетін болса, әрине, көңілдерінен шықпайтын. Осындай ақаулы өнімдерге жұмсалған уақыт пен күш-жігерді ысырап деп бағалайтын.

Бұл әңгімеден экономист “өндіріс адамның кірістерді шығысқа айналдыру әрекеті ғана емес”, - деп тұжырымдар еді. Өндіріс - бұл тұтынушылардың әл-ауқатын арттыруды білдіретін құндылық – “құндылықты” құру. Экономист үшін өндіріс пен тұтыну экономикалық монетаның екі жағы болып табылады; бірі екіншісінен ажырамайды. Белгілі болғандай, алдын-ала өндірілмейінше ештеңе де тұтынуға келмейді. Сәйкесінше, тұтынушының қалауын қанағаттандыруға арналмаған зат болса, ештеңе де өндірілмейді.

Экономист емес адам “өндіріс” ұғымының ажырамас бөлігі “тұтыну” ұғымы екендігін біле бермейді. Экономист емес адам көбінесе өндіріс пен тұтынуды балама, бәсекелес құндылықтар ретінде қарастырады. Мен біреудің экономистерді (әсіресе еркін нарықты қолдайтын экономистерді) адамдарға деген таяз немесе шамадан тыс материалистік көзқарасы бар деп айыптағанын қанша рет естіп, оқығанымды сіздерге айтып жеткізе алмаймын. “Өмір тек тұтынудан ғана тұрмайды!”, - деп айтады. “Адамдар отбасында, қоғамда және жұмыста да мән табады!”

Көптеген экономист еместердің құлағына “тұтыну” сөзі тек физикалық тілектерді қанағаттандыру деп естілетіндей. Мұндағы сөз дерлік теріс мағынаны білдіреді; ол өзгенің де, жақын туыстарының да құндылықтарына мән бермейтін, “төмен” дәрежедегі қалауларды қанағаттандыратын жеке мүдделі және тар ойлы тұлғалардың бейнесін елестетеді.

Бұл “тұтыну” түсінігінде өмір тұтынудан да артық көп нәрседен тұрады екен. Бірақ, тағы да, бұл “тұтыну” түсінігі экономистердің түсінігімен мүлдем сәйкес келмейді. Экономистердің пайымдауынша, тұтыну тек тамақ ішу, “Супер кубок” ойынын тамашалау немесе өзіңізге зергерлік әшекей бұйымдарын тағу емес. Тұтыну сонымен қатар қауіпсіз және гүлденген қауымдастықтарда өмір сүруден, жұмысымыздан ләззат алудан, көршілерімізбен, Құдай үйіндегі адамдармен және әріптестерімізбен жағымды қарым-қатынас жасаудан алатын қанағаттануды қамтиды. Оған саяхаттаудан, оқудан және көпшілік дәрістерге қатысудан алынған қуаныш пен білім де кіреді.

Экономистердің түсінігінше, тұтыну - бұл біздің өмірімізді толыққанды қанағаттан-дыратын әрекеттердің кең ауқымы. Өндіріс - тұтынуды қамтамасыз етудің қажетті құралы екендігі даусыз. Дегенмен, өндіріс - бұл құрал, ал тұтыну - мақсат болғандықтан, тұтынудың “әлеуметтік құндылығы” мен өндірістің “әлеуметтік құндылығы” арасында ешқандай қайшылық жоқ. Көбірек тұтыну көбірек өндірісті қажет етеді, ал көп өндіріс көбірек тұтынуға мүмкіндік береді.

Осы себепті өндірістік іс-әрекетке артық құндылық, ал тұтыну қызметіне аз құндылық беруді ешкім де шеше алмайды; көп өндіру дегеніміз, демек көбірек тұтынуға жағдай жасау. Біз “жоғары өнімділігі” бар адамдарға таңданамыз, өйткені олар өздерінің немесе басқа адамдардың тұтынуы үшін көптеген тауарлар мен қызметтерді өндіреді.

Біз ұзақ және қажырлы еңбек ететін жұмысшының табандылығы мен шеберлігіне таңдануымыз мүмкін, сайып келгенде, бұл таңданыс біздің түсінігімізден туындайды. Мұндай табандылық пен шеберлікті қолдану, одан әрі тұтынушылық қалауларының жоғары өнімділігіне әкеледі. Ұзақ, қажырлы және асқан шеберлікпен үгінділер мен құрттардан жасалған бәліштерді пісірген жұмысшыға таңданыс болмас еді, өйткені мұндай жұмысшы адамдардың тұтыну мүмкіндіктерін арттыру үшін ештеңе де жасай алмайды.

“Өндіріс” - “адамдардың тұтыну қабілетін арттыру” дегенді білдіретіндіктен, Адам Смиттің айтқаны дұрыс: тұтыну шын мәнінде бүкіл өндірістің жалғыз мақсаты мен міндеті болып табылады.

Бұл мақала Creative Commons Attribution 4.0 Халықаралық Лицензиясы бойынша Дональд Дж.Будро мен Американдық Экономикалық Зерттеулер Институтының рұқсатымен берілген. Түпнұсқаны мына жерден табуға болады.