Skip to content
Home
Home
Who we are
What we do
Get the book

Қаржылық тұрақтылықты құру бойынша 4 кеңес — Ноа Вебстер ізімен

Энни Холмквист

Өркендеуге апарар нақты сенімді жолдар жоқ. Алайда күнделікті өмірдегі дұрыс таңдаулар бізді белгілі бір межеге жеткізетіні сөзсіз. Бұл күндері инфляция, бағалар мен банкроттық өскен сайын, көпшілігіміз әмияндарымызға үреймен қарап, қаржылық дағдарыс бастау алған сәтте не істейтінімізді ойлана бастаймыз. Біз зейнетақы қорымен қайта достасуымыз керек пе, әлде бірнеше айдан кейін кедейшілікке ұшыраймыз ба деген сауал сан соқтырады.

Жоғарыда айтып өткен болжамды күйреуден өзіңізді алып шығудың нақты қадамы болмағанымен, одан қорғанудың бірнеше жолдары бар. Осындай тәсілдердің бірі американдық негізін қалаушы Ноа Вебстердің "Американдық емле" кітабының бір бұрышында жазылған. "Үй жағдайындағы экономика: үнемшіл және үнемсіздердің тарихы" деген атпен Вебстер (1758-1843) екі адам туралы әңгіме тарқатады; олардың бірі қаржы шебері, екіншісі қаржылық сәтсіздікке ұшыраған адам жайлы. Бірақ олардың қаржылық табыстары немесе шығындары қор нарығында болып жатқан өзгерістерге мүлде қатысы жоқ. Вебстердің тұжырымдамасы бойынша материалдық байлыққа деген ұмтылыс мінезден бастау алады, демек адамдардың қаржылық сауаттылығы бұл – олардың өмірлік таңдауының нәтижесі деген сөз.

1. Ерте келген құс, құрт аулайды

Вебстер: «Байлыққа жетудің ең қарапайым жолы - ұйқыдан ерте ояну»,- дейді. Үнемшіл, уақытының әрбір минутын тек пайдаға асыра алатын адам күн нұрымен бірге жарыса оянып, жұмыс күнін лезде бастап кетеді. «Таңда береке бар», - деген сөз бекер айтылмаса керек. Ерте оянған адам, әрине, барлық тіршілік иесі сияқты қас қарая бастаған шақта ұйқыға кетеді.

Ал, енді үнемшіл емес адам жайлы не айтылады? Жарты күнін ұйқымен өткізумен қатар, тірліктеріне асықпай кірісетін адамнан не пайда, не қайыр? Өзге тұрмақ өзі үшін де пайда әкелмейтіні хақ. Вебстер бұл туралы ашық айтпаса да, мұндай адамдар әрқашан бір көш артта жүреді. Әрі үнемшіл емес адамдар сағат тілі кешкі 22:00-ге жетсе де, ұйықтау уақыты әлі алыс деп қате пікір танытады.

2. Ақымақ ақшасымен тез қоштасады

Парықсыз адам ұйқыдан кеш тұрғанымен қоймай, жұмысқа да асығар емес. Ұйқыдан ояна салып, ең бірінші атқарар жұмысы ішімдікпен барға қарай бет алуы. Вебстердің түсіндірмесі бойынша, осы тектес адамдар күндізгі жұмыстарын атқарудың орнына ішімдік ішіп, уақытын жоғалтады. Қайта келмес уақытын жоғалтып қана қоймай, ішімдік адамның сезімталдығы мен жауапкершілігін төмендетіп, қалтасындағы ақшасын да желге ұшыратады емес пе?!

 «Сыраханаға жиі бармайтын» және «тапқан табысын өзіне еш пайда әкелмейтін ішімдікке жұмсамайтын» адамды үнемшіл адам,- деп сипаттайды Вебстер.

Вебстер ұсынған бұл ескертулер тек ішімдікке қатысты емес. Мұндағы түпкі қағида мынада: үнемшіл адам өзінің еңбекпен тапқан әрбір долларының кіріс-шығысын есептеп отырады және өзінің жұмыс әлеміндегі бәсекелестік қабілетін төмендететін нәрселерге ысырап етпеуіне өзіне кепіл бола алады.

3. Шашу оңай, жинау қиын

Қоқыс деген сөзді естігенде, әрине ойымызға бірден қоқыс жәшігіне түсетін қалдық заттар келеді. Бірақ Вебстердің айтуынша, үнемшіл адам өзінің ең маңызды нәрсесі – уақытты ысырап етпеуге тырысады.

Үнемшіл адам тіпті үй шаруасына араласып, ауладағы тірліктерді де қолға алып, шама-шарқы келгенше бәрін жасап, уақытын пайдалы іске жұмсағанды жөн көреді. Үнемшіл адамдар сондай-ақ, жұмыс барысында бос әңгімелер айтып немесе су бұрқақтың жанында тұрып алып, өзгелердің қажетсіз әңгімелерін тындап, алтын уақытын тағы да текке кетіргісі келмейді.

Үнемшіл емес адамның күн тәртібі қалай өтіп жатыр екен? Уақыт ол кісіден зымырап қашып бара жатқандай күй кешеді. Десе де, іскерлік мінез-құлық танытып, жұмыс басты адам сияқты асығып бірдеңкелер жасайды. Ал, асығыстық қандай жақсы нәтиже берер дейсіз? Дайындықсыз-ақ күнінің жарты бөлігі өтіп кетті.

 «Үнемшіл емес адам тек өзінің ғана уақытын құртпай, оған қоса қарамағында жұмыс істейтіндердің де уақытын босқа өткізуге кері әсерін тигізіп, бұл іс-әрекеті бизнесі үшін тек шығындар әкеледі»,- дейді Ноа Вебстер.

4. Еңбексіз табыс жоқ

Үнемшіл адам үшін уақытты тиімді пайдалану және дұрыс басқару олардың толағай табыс көзінің кілті болып табылады. Келген шоттарды тез арада қабылдап, төлемін жасауға бет бұрады. Осылайша, ол кешіктірілген төлемдер мен айыппұлдардан аулақ болып, жинақтарын көбейтуге өзіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кез-келген мүлкін жақсы жағдайда ұстауды әдетке айналдырған, «құрал-саймандардың барлығы жұмысшыларға жарамды ма, жоқ па, соны тексереді», «үйінің, қорасының, тұрмыс және малының жағдайын қадағалайды».  Осылайша, үнемшіл адам  уақытын жоғалтудан аулақ болып, дүрбелеңі азаяды. Ал соңғысы ешқашан ешқайда жете алмайтын қорқынышты сценарийлердің біріне түседі:

"Ол күндізгі жұмысқа кірісуге дайынмын деп ойлаған кезде, қажетті құралдардың жоқтығын немесе олардың кейбіреулері істен шыққанын анықтайды... мысалы, соқаның ілмегін жөндеу үшін темір ұстасына жарты мильге жіберу керек; тырмадағы бір-екі тіс немесе кетпеннің сабы сынған; орақ немесе балта қайралуы керек".

Қорытынды

Уақыт өте келе көзге көрінбейтін бұл іс-әрекеттер үнемшіл адамды «бірнеше жүз гектар жері мен жүз бас ірі қарасы бар» бай мүлік иесіне айналдырады. Дегенмен, үнемшіл емес мырза өзінің дұрыс емес таңдауының салдарынан «бірнеше жылғы көңілсіздікті, қайғы-қасіретті және кедейлікті» ұзақ уақыт жоғалтуды бастан кешіреді.

Және ең бастысы олардың арасындағы айырмашылық: "Бай адам өз ақшасының үстеме пайызын ғана жұмсап жүрсе, ал екіншісі негізгі қорын жұмсайды",- деп жазады Вебстер.

Сұрақ: Сіз өзіңізді қай адамның санатына жатқызасыз?

Мойындауым керек, көпшілік мені «ақшаны жақсы басқарады»,- деп атаса да, үнемшіл және үнемшіл емес адам портреттерінде мен соңғысында өзімнің бейнемді жиі көретіндеймін. Бұл мені экономикалық құлдырау кезінде қаржылық жағдайымыз өзіміз сенгеннен әлдеқайда жақсырақ болады ма деп ойлауға мәжбүр етеді.

Мұның бәрі бізде мистер Үнемшілдің жүріп өткен сүрлеу жолымен өмірге жақындай алатын мінездің, дәлірек айтқанда, еңбекқорлықтың бар-жоғына байланысты.

Бұл мақала Creative Commons Attribution 4.0 халықаралық лицензиясы бойынша Энни Холмквист мен Экономикалық білім беру қорының рұқсатымен жазылған. Түпнұсқасын мына жерден табуға болады.

Мақаламен бөлісу